Сурет: kazakhembassy_uk
Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінде Халықаралық студенттер күніне орай шетелде оқып жүрген қазақстандық жастармен кездесу өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға футболшы Дастан Сәтпаев та қатысты. Студенттер өз оқу тәжірибелерімен бөлісіп, ғылым мен білімдегі жетістіктері және алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.
Кездесу жастарға пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа бастамаларын талқылауға мүмкіндік берді. Шетелде білім алып жүрген отандық студенттер үшін мұндай кездесулердің маңыздылығы атап өтілді.
Елшілік өкілдері жас отандастарға қолдау білдіріп, білім жолындағы ізденістеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ алдағы оқуында, ғылыми зерттеулері мен кәсіби бастамаларында сәттілік тіледі.
Дастан Сәтпаевтың студенттермен бас қосуы шараның ерекше сәті болды. Бұл жастарға өзара пікір алмасуға және естелік суреттерге түсуге мүмкіндік берді.
Халықаралық студенттер күні жыл сайын 17 қарашада аталып өтеді. Бұл күн білім алып жүрген жастардың қоғамдағы рөлін айқындап, олардың жетістіктері мен бастамаларына назар аударуға арналған.
Айта кетейік, «Бернли» клубында өнер көрсететін қазақстандық футболшы жарақатына байланысты команданың матч алдындағы өтініміне енген жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов Дастан Сәтпаевтың жиі жарақат алуының себебін атаған болатын.
Мазмұнға өту
