Әлем

Цифрландыру мен ветеринария: Қазақстан мамандары Қытай тәжірибесін меңгереді

Сурет: ЖИ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері Қытайда заманауи агротехнологиялар мен агроөнеркәсіптік кешенді басқару бойынша білім алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қыркүйекте ҚХР-да ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің мамандарына арналған оқыту семинарлары өтеді. Бұл шара ҚР АШМ мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында ұйымдастырылуда.

Бағдарлама алты бейінді курс қамтиды. Қазақстандықтар ауыл шаруашылығын цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді жаңғырту, аграрлық саясатты әзірлеу, ауылдық аумақтарды дамыту және АӨК-ге инновациялар енгізу бойынша Қытай тәжірибесін зерттейді.

Сонымен қатар, бағдарламада шөлейттенуге қарсы күрес, экологиялық егіншілік, құс шаруашылығын жаңғырту, ветеринариялық бақылау, тамақ қауіпсіздігі, мал шаруашылығы инфрақұрылымы және сорттарды сынау мәселелері қарастырылған.

Делегация құрамына министрліктің жас сарапшылары, сондай-ақ Алматы қаласы мен Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы аумақтық инспекциялардың мамандары кіреді.

«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың нақты тәжірибесі болуы маңызды. ҚХР ауыл шаруашылығын цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу, ветеринариялық бақылау және қайта өңдеу салаларын дамыту бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Мамандарымыздың міндеті – осы шешімдерді зерделеп, саламыз бен өңірлеріміздің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың қайсысын Қазақстанда тиімді қолдануға болатынын анықтау», деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысы Сергей Ли.

Бағдарлама аясында екі ел мамандары арасында тәжірибе алмасуға ерекше мән беріледі. Қатысушылар аграрлық өндірісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен, мемлекеттік реттеу және бақылау тетіктерімен танысып, қытайлық әріптестерімен АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерін талқылай алады.

Оқытуға байланысты барлық шығын ҚХР Коммерция министрлігі тарапынан өтеледі.

Көп оқылғандар