Сурет: gov.kz
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен әзірленген қарарды қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұсынған еді.
Қарарға әлемнің әртүрлі аймақтарынан 32 мемлекет тең автор болды, бұл бастаманың халықаралық деңгейде өзектілігін көрсетеді.
Бұл шешім Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге және қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектерді көбейту және экологиялық мәдениетті дамыту жолындағы үлесін білдіреді.
Құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтіру маңыздылығын түсінуін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттер мен ұйымдарды тиісті іс-шараларға ынталандыруға бағытталған.
Бұл күннің белгіленуі Қазақстандағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі, ол қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыруға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған.
Қарардың қабылдануы Мемлекет басшысының тағы бір халықаралық бастамасының жүзеге асуы және Қазақстанның орнықты даму мен қоршаған ортаны сақтаудағы көпжақты ынтымақтастыққа ұмтылысын растайды.
