Сурет: depositphotos.com
Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнай барреліне 85,2 долларға дейін түсті, ал WTI мұнайы 80,2 долларды құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның төмендеуіне АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты белгісіздік пен трейдерлердің пайданы бекітуі себеп болды. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Иранның 60-тан астам ұйымы мен кемесіне санкция салынғанын мәлімдеді, алайда бұл шаралар күтілгеннен жеңілірек болды.
Таяу Шығыста жағдай қайта ушығып, Ормұз бұғазында кеме қатынасы қиындаса, баға қайта өзгеруі мүмкін.
Мұнай нарығындағы тұрақсыздық Қазақстан экономикасы үшін қосымша тәуекелдер туғызады. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте мұнай бағасы барреліне 60 доллар және доллар бағамы 540 теңге деңгейінде бекітілген, бұл экономиканың мұнай кірістеріне тәуелділігін көрсетеді.
Шілде айының соңында Brent мұнайының бағасы барреліне 100 доллардан жоғары болғанын еске саламыз. Бұған дейін халықаралық сарапшылар Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты жыл соңына қарай Brent бағасы 120 долларға жетуі мүмкін деген болжам айтқан еді.
