Сурет: Жайық Пресс
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында 26–27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Creative Aimaq республикалық жобасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» креативтік көрмесі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ креаторлары облыстың ұлттық мұрасы мен шығармашылық әлеуетін, сондай-ақ үздік өңірлік брендтер мен авторлық жұмыстарды ұсынды.
Жәрмеңкеге 40-тан астам шебер қатысты. Олардың қатарында дәстүрлі қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, ағаш пен былғарыны өңдеу мамандары болды.
Келушілер үшін музыкалық аспаптар жасау, ағашпен жұмыс істеу және ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында жергілікті дизайнерлердің коллекциялар көрсетілімі де өтті. Өз жұмыстарын «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz сән орталығы және «ДариЛили» сән орталығы таныстырды.
Бағдарламаның жеке блогы Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұрасына арналды. Қонақтар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобаларымен танысып, «Долана» мультфильмін көрді.
Екі күнде жәрмеңкені 3 мың адам тамашалады. Аймақ креаторлары авторлық өнімді 5 млн теңгеден астам сомаға сатты.
Creative Aimaq жобасы өңірлік креаторларды қолдауға, отандық брендтерді ілгерілетуге, шығармашылық өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ ұлттық мұраны насихаттауға және креативтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
