Жайық news

БҚО-да мемлекеттік қызметшілерге түзеу мекемесінде таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында алғаш рет басшылық лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілер үшін №28 түзеу мекемесінде таныстыру экскурсиясы өткізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бастамашылық етіп ұйымдастырды. Кездесу сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысы аясында өтті.

Қатысушылар мекеменің қызметімен танысып, заңнаманы сақтау, қызметтік тәртіп, этика және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мәселелерін талқылады.

Басшылардың қабылдайтын шешімдері мен қарамағындағылардың жұмысын ұйымдастырудағы жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қызметтік міндеттерді атқару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қалай анықтау, бұзушылықтарға жол бермеу және ұжымда адалдық атмосферасын қалыптастыру туралы әңгімеленді.

Мұндай іс-шаралар жаңадан басшылық қызметке кіріскендерге лауазымдық шешімдердің құқықтық салдарын тереңірек түсінуге және жеке үлгінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар