Басты тақырып

БҚО-да бес азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Сурет: Жайық Пресс

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының бес тұрғыны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Марапаттау рәсімі облыс әкімдігінде өтті, оған облыс әкімі Нариман Түреғалиев қатысты. Марапатталғандар арасында энергетика, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жергілікті өзін-өзі басқару салаларының өкілдері бар.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен Қазталов ауданынан «Батыс Қазақстан тарату электр желілік компаниясының» электригі Бақтығали Айжарықов, «QazExpoCentre-Pipe» ЖШС бас директоры Ләззат Есекеева, Бөкейорда ауданының еңбек ардагері Лариса Қайырғалиева, «Тұрсынов» шаруа қожалығының басшысы Бекет Тұрсынов және «Экспо+» ЖШС директоры Людмила Щукина марапатталды.

Облыс әкімі жерлестерін құттықтап, еңбек адамының өңір мен ел дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.

– Мемлекеттік наградалар ел игілігі үшін адал еңбек еткен, табандылық танытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және мемлекеттің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Мұндай азаматтар – қоғамымыздың тірегі. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне экономикалық тұрақтылық, мемлекеттің қуаты және халықтың әл-ауқаты байланысты. Облысымыздың табысы – ең алдымен өз ісіне берілген, жауапты азаматтардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, еңбекке адалдықтарыңыз және белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз өскелең ұрпаққа үлгі, – деді облыс басшысы.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге де тоқталды. Басым бағыттар қатарында экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және мемлекеттік басқаруды жетілдіру бар. Оларды іске асыру экономиканы нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Президент еңбек адамының мәртебесін арттыруға, еңбекқорлық пен кәсібилік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Өйткені елдің басты байлығы – еңбекқор, білімді және жауапты азаматтары.

– Мемлекеттік награданы алу мен үшін үлкен құрмет. Бұл тек менің ғана емес, бүкіл зауыт ұжымының, яғни 400-ден астам адамның еңбегіне қойылған лайықты баға және құрмет белгісі. Біздің кәсіпорынға 20 жылға жуық уақыт болды. Бүгінде біз мұнай-газ саласына жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа технологияларды енгізіп келеміз. Мемлекеттің қолдауымен ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып отырмыз. Осындай жоғары бағаға ие болған жұмысымызды әрі қарай абыроймен жалғастырамыз деп сенеміз, – деді марапатталғандар атынан «QazExpoCentre-Pipe» ЖШС бас директоры Ләззат Есекеева.

Көп оқылғандар