Жайық news

БҚО-да 7 мыңға жуық абаттандыру ережесінің бұзылуы анықталды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау бағытында жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері өңірде 6 932 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Олардың қатарында: жергілікті атқарушы орган белгілемеген орындарда сауда жасаудың 1 013 фактісі; қоғамдық орындарды ластаудың 365 фактісі; қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзудың, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы нысандарын зақымдаудың, жасыл желектерді жою мен зақымдаудың 5 554 фактісі бар.

Сонымен қатар, 2025 жылы санитарлық нормалардың бұзылуын анықтау және алдын алу мақсатында облыс орталығындағы 50 контейнер алаңы бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Камералар Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Бейнеаналитика жүйесі қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін анықтауға, сондай-ақ азаматтардың контейнерлерден тыс жерлерде түрлі заттарды қалдыру жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жыл басынан бері 40 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, санитарлық талаптарды сақтауға және абаттандыру ережелерінің бұзылуын болдырмауға бағытталған профилактикалық жұмыс жүргізуде. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау — ортақ жауапкершілік.

Полиция тұрғындарды санитарлық тазалық талаптарын сақтауға, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастамауға және абаттандыру ережелерін бұзбауға шақырады. Анықталған құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Көп оқылғандар