Жайық news

# БҚО-да 2023 жылдан бері 38 жаңа мектеп салынды

Батыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылдан бері өңірде 38 жаңа мектеп салынды, деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Жаңа білім нысандарының 30-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тоғыз заманауи мектеп бой көтерді. Жаңа нысандардың салынуы ауыл балаларының сапалы білімге қолжетімділігін арттырып, қала мен ауыл арасындағы білім беру жағдайындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік берді.

Білім беру нысандарын салу және жаңғырту нәтижесінде облыста 13 апатты және жеті үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Сонымен қатар бұрын бейімделген ғимараттарда орналасқан 16 мектептің мәселесі де шешімін тапты.

«Біздің негізгі міндетіміз – баланың қалада немесе шалғай ауылда тұратынына қарамастан, сапалы білім алуына заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау. Соңғы жылдары мектеп инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартып, апатты, үш ауысымды және бейімделген мектептер мәселесін шешуге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

Инфрақұрылымды дамытумен қатар, өңірде оқушылар үшін жаңа білім беру мүмкіндіктері де қарастырылуда. Мәселен, Орал қаласындағы №7 мектеп қытайлық Beijing Jinyi Yuanfang Holding Group холдингімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім облыстық «Әділет» партиясы филиалының бастамасымен «Ұстаз айтса» диалог алаңы аясында жасалды.

Меморандум аясында мектеп оқушылары қытай тілін тереңдетіп оқып, Қытайдың мәдениеті және білім беру жүйесімен танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ болашақта оқушылардың Қытайға білім алуға және тілдік тағылымдамадан өтуге баруы қарастырылған.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 382 мектеп жұмыс істейді. Онда 126 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде 205-і – шағын жинақты мектеп, оларда 14 мыңға жуық оқушы оқиды.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдегі білім сапасының көрсеткіші 64,2 пайызды құрап, бір жыл ішінде 1,1 пайыздық тармаққа өсті. Білім алушылардың білім жетістіктеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері де республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болды. Атап айтқанда, оқу сауаттылығы бойынша – 32 балға, жаратылыстану-ғылыми бағыт бойынша – 24 балға, математикалық сауаттылық бойынша 12 балға жоғары нәтиже тіркелді.

Осылайша, БҚО-да білім беру саласын дамыту жұмыстары жаңа мектептер салумен қатар, білім сапасын арттыруды, ауыл мен қала балалары үшін тең жағдай жасауды және оқушылардың халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтиды.

Көп оқылғандар