Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Ақтау қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы Жамолиддинхожа Абдукаримовпен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті қойылған.
2026 жылдың алғашқы төрт айында Батыс Қазақстан облысының Өзбекстанмен тауар айналымы 40,7 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға өсті. Оның ішінде экспорт 40,3 млн долларды, импорт 0,4 млн долларды құрады. Негізгі экспорттық тауарларға отын, газ конденсаты, сиыр еті және күнбағыс майы жатады.
Кездесуде кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнату, бірлескен жобаларды іске асыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері қаралды. Өңір кәсіпорындары көлік, құрылыс және мұнай-химия өнімдерін жеткізу саласында ынтымақтастыққа дайын екендігі атап өтілді.
Сондай-ақ Ташкентте және Батыс Қазақстан облысында сауда үйлерін ашу мүмкіндігін қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар туризм саласындағы байланыстарды дамыту, жүк тасымалы көлемін ұлғайту және транзиттік әлеуетті кеңейту мәселелерін талқылады.
