Спорт

Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан қыздары үш алтын жеңіп алды

Сурет: ҰОК

Индонезияның Джакарта қаласында U19 және U23 жас санатындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. U19 жас санатындағы қыздар арасында Қазақстан құрамасының үш боксшысы Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

70 келіге дейінгі салмақта Камила Оспанова финалда өзбекстандық Мафтуна Янгиеваны жеңіп, алтын медаль иеленді. 80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы Үндістан өкілі Мегха Шеокандтан басым түсіп, чемпион атанды.

80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай үндістандық Прачи Токасты жеңіп, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды. Осылайша U19 жас санатындағы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын және 5 қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, 15 шілде кешкі сессияда U23 жас санатындағы әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Ал 16 шілдеде ерлер арасындағы шешуші кездесулер ұйымдастырылады.

Көп оқылғандар