Сурет: Энергетика министрлігі
Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Биыл елімізде жалпы қуаты 245 МВт болатын ЖЭК-тің 10 нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 212 МВт қуаты бар 7 нысан іске қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Пайдалануға берілген нысандардың қатарында Қостанай облысында қуаты 50 МВт «Aspan Energo» ЖШС жел электр станциясы, Маңғыстау облысында қуаты 20 МВт «Stellar Energy» ЖШС күн электр станциясы, Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт «Altyn Solar Energy» ЖШС күн электр станциясы, Жетісу облысында қуаты 20 МВт «Jetisu Terra Power» ЖШС күн электр станциясы, Қарағанды облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын «Гиперборея» ЖШС-нің үш жел электр станциясы бар.
Жыл соңына дейін Қызылорда облысында қуаты 30 МВт «Альхена» ЖШС-нің екі күн электр станциясы жобасы, сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 3,2 МВт «Тауэнерго» ЖШС-нің шағын гидроэлектр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
ЖЭК жобаларын іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның энергия теңгеріміндегі экологиялық таза генерация үлесін арттыруға ықпал етеді.
Мазмұнға өту
