Әлем

Бішкекте велосипед мінген шенеуніктер марапатталады

Сурет: istockphoto.com

Қырғызстан астанасы Бішкекте мемлекеттік қызметкерлерді велосипедпен жұмысқа қатынауға ынталандыратын жоба іске қосылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба аясында әкімдік қызметкерлеріне жұмысқа барып-қайту үшін велосипедті пайдалану ұсынылды. Бастама қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, велосипедті толыққанды қалалық көлік ретінде насихаттауға, экологиялық ахуалды жақсартуға және қалаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жобаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады. Оған әкімдіктің құрылымдық, аумақтық және ведомстволық бөлімшелерінің қызметкерлері, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелердің мамандары қатыса алады. Белсенділік танытқан мемлекеттік қызметкерлер марапатталады.

Әкімдіктің мәліметінше, бастаманың негізгі мақсаты – велосипедтің қолайлы, қолжетімді әрі тиімді қалалық көлік түрі екенін көрсету. Бұл экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және қалалық ортаның сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ең белсенді қатысушылар әкімдіктің ресми ақпараттық ресурстарында атап өтіліп, тоқсан және жыл қорытындысы бойынша белгіленген тәртіппен көтермеленеді.

Қала әкімдігінің пікірінше, муниципалдық құрылым қызметкерлерінің жеке үлгісі қалалық мобильділіктің артықшылықтарын тұрғындарға айқын көрсете алады.

Көп оқылғандар