Сурет: ашық дереккөз
Германия астанасы Берлинде белгісіз ер адам супермаркетке кіріп, әйелді кепілге алды. Оқиға 10 шілде күні кешкі сағат 22:00 шамасында қаланың Мариенфельде ауданындағы Rewe дүкенінде болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның мәліметінше, күдіктінің әрекетінің себебі әзірге анықталған жоқ. Құқық қорғау органдары түні бойы онымен келіссөз жүргізіп, кепілдегі әйелді аман алып шығуға тырысуда.
Оқиға орны толық қоршауға алынды. Супермаркеттің маңына арнайы жасақ, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көліктері жұмылдырылған. Таңға жуық полицейлер ғимараттың ішіндегі жағдайды бақылау үшін баспалдақ орнатқан.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға болған кезде дүкен ішінде бірнеше қызметкер де болған. Олардың қауіпсіздігіне қатысты нақты мәлімет жоқ.
Мариенфельде – Берлиннің оңтүстігіндегі тыныш тұрғын аудандардың бірі. Сондықтан бұл оқиға жергілікті тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық тудырды.
Қазіргі уақытта полиция арнайы операцияны жалғастырып жатыр. Кепілдегі әйелдің жағдайы мен күдіктінің талабы туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Мазмұнға өту
