Сурет: alash.kz
Елімізде кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңарып, қаржылық қолдау көлемі ұлғаяды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге (1 625 АЕК) дейін өседі. Бұл қаражатты қатысушылар өңірде жеке тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың тек көшуіне ғана емес, жаңа жерде жайлы қоныстанып, баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау.
Мемлекеттік қолдау тек тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшуге субсидиялар төленеді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты көмек көрсетіледі. Жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік бар. Қабылдаушы облыс өкілдері азаматтар көшетін өңірлерде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұрақты ұйымдастырады.
Бағдарламаға қатысушылар қатары кеңейді. Бұрын негізінен жұмыссыз азаматтарға арналса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, шаруа қожалықтарының басшылары мен фермерлер де пайдалана алады.
Қазір бағдарлама толығымен цифрлық форматқа көшті. Өтінім беру, өңірлер картасымен және сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу, қолайлы бос жұмыс орнын таңдау migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан қолжетімді. Бағдарлама іске қосылған 2017 жылдан бері оған 73,9 мың адам қатысты, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарының арқасында 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Мазмұнға өту
