Спорт

«Барлығы Дастан сияқты ойнауы керек»: «Бернли» бапкері Сатпаевты мақтады

Сурет: burnleyofficial

«Бернли» бас бапкері Ники Хайен Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичтен» 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін Дастан Сатпаевтың ойынына жоғары баға берді. Маман 18 жастағы шабуылшыны бүкіл командаға үлгі ретінде көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Англия чемпионатының Чемпионшип лигасында «Бернли» сырт алаңда «Норвичке» 1:4 есебімен жол берді. Бұл кездесуде Дастан Сатпаев алғаш рет чемпионат матчында негізгі құрамда алаңға шығып, 95 минут бойы ойнады.

Матчтан кейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен жас шабуылшының өнерін ерекше атап өтті.

«Бүгін сіздер Дастанды көрдіңіздер. 18 жастағы жігіт алаңдағы ең үздік ойыншы болды. Басқа футболшылар да өздеріне қарап, сұрақ қоюы керек. Дастанның командаға берген энергиясын, қалай күрескенін көрдіңіздер. Дәл осындай ойынды барлығы көрсетуі керек», деді Хайен.

Бапкер командасының маусымды сәтсіз бастағанын да мойындады. Оның айтуынша, «Бернли» жағдайды өзгерту үшін жұмыс істейтін болады.

«Бұл мен үшін де қиын жағдай. Жанкүйерлердің көңілі қалғанын түсінемін. Мен де маусымның бұлай басталғанын елестеткен жоқпын. Бірақ жағдайды өзгертетінімізге кепілдік бере аламын», деді маман.

Сонымен қатар Flashscore статистикалық порталы Сатпаевтың ойынына 7,6 балл қойды. Бұл «Бернли» футболшылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

Осылайша, командасы ірі есеппен жеңілгенімен, Сатпаев алғашқы толыққанды негізгі құрамдағы ойынында бапкері мен статистикалық порталдан жоғары баға алды.

Көп оқылғандар