Сурет: Жайық Пресс
БҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері 3 қазанға қараған түні Орал қаласындағы Төле би көшесінде Hyundai Tucson көлігін басқарған жүргізушінің жүріс мәнеріне назар аударып, тоқтау белгісін берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамай, жылдамдықты арттырып, қашып кетуге әрекеттенді. Полицейлер көлікті дереу тоқтатып, жүргізушінің жеке басын анықтады. Көлік рөлінде 37 жастағы жергілікті тұрғын болған. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша, жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған.
Бір күн ішінде ер адам алты құқықбұзушылық жасады: полиция қызметкерінің заңды талабын орындамау, жол белгісінің талабын бұзу, екі рет бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, қарсы жолаққа шығу және көлік құралын масаң күйде басқару.
Полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекеттерінің арқасында жүргізуші тоқтатылып, масаң күйде көлік басқару салдарынан туындауы мүмкін жол-көлік оқиғасының және өзге де ауыр зардаптардың алды алынды. Автомобиль мамандандырылған тұраққа қойылды.
Сот шешімімен кінәліге 18 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза және 7 жыл 6 айға көлік құралын басқару құқығынан айыру тағайындалды.
