Сурет: Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі екінші деңгейлі банктер үшін жаңа талаптар енгізді. Енді 10-нан астам картасы бар азаматтар арнайы тексерістен өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа ереже бойынша, банктер клиенттердің карталарын түгендеп, саны 10-нан асып кетсе, олардың қаржылық операцияларын мұқият қадағалауға міндетті. Бұл шара ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру қаупін азайту үшін қабылданды.
«Біздің мақсат – күдікті транзакцияларды дер кезінде анықтау. Көп карта ұстаушылардың қаржылық белсенділігі жоғары болғандықтан, оларды бақылау қажет», – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар әсіресе кәсіпкерлер мен фрилансерлерге әсер етуі мүмкін. Себебі олар көбінесе бірнеше банк картасын пайдаланады. Алайда, тексеріс кезінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаса, ешқандай шара қолданылмайды.

