Сурет: nypost.com
Нью-Йорктегі Таймс-сквер маңында болған пышақты шабуылдан Bank of America вице-президенті Эрин Пиаченти қаза тапты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Bloomberg-тің Нью-Йорк полициясына сілтеме жасауынша, шабуылдан тағы бір адам зардап шеккен. Күдікті әйел полиция оғынан жараланып, кейін ауруханада қайтыс болды.
LinkedIn деректеріне сәйкес, Эрин Пиаченти банкте мүдделер қақтығысын реттеу мәселелеріне жауапты болған. Нью-Йорк полиция департаментінің мәліметінше, ол алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Полиция комиссары Джессика Тиштің айтуынша, 49 жастағы Памела Сиснерос екі пышақпен Батыс 41-ші көше мен Жетінші авеню қиылысында Род-Айлендтен келген 68 жастағы туристке шабуыл жасап, оның іш тұсына пышақ сұққан. Зардап шеккен ер адам ауруханаға жеткізіліп, қазіргі жағдайы тұрақты.
Содан кейін Сиснерос Жетінші авенюмен солтүстікке қарай жүріп, шамамен 20 секундтан соң 42-ші көше маңында Эрин Пиачентиді де іш тұсынан пышақтаған. Полиция қызметкерлері шабуылшыны 42 және 43-ші көшелер арасында ұстап, төрт минут бойы қаруын тастауға көндіруге тырысқан.
Комиссардың сөзінше, әйел полицейлерге қаруын тастамайтынын және оларды өлтіретінін айтқан. Ол полицейлерге қарай беттеген кезде электрошокер қолданылғанымен, бұл оны тоқтата алмаған. Содан кейін екі полиция қызметкері қару қолданып, шабуылшыны жаралаған. Сиснерос ауруханада қайтыс болды.
Нью-Йорк полициясының мұрағатында Сиснеросқа қатысты психикалық ауытқушылыққа байланысты 2018 және 2019 жылдары тіркелген екі жағдай бар. Полиция комиссарының айтуынша, тергеушілер бұл шабуылды теракт деп санауға негіз таппаған.
