Қоғам

Балқаш көліне үш жылда 40 млрд текше метр су жіберілді

Сурет: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Соңғы үш жыл ішінде Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су келіп түсті, бұл көл деңгейін тұрақтандыруға септігін тигізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы көлге 15,9 млрд текше метр су жіберілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрге тең болды. Ал биылғы жылдың басынан бері Балқашқа 9,7 млрд текше метрден астам су құйылды.

Министрліктің дерегінше, көлге су Қапшағай су қоймасынан келеді, ол трансшекаралық Іле өзенінің ағынын реттейді. Биыл су қоймасы 98%-ға толды, ал алдыңғы екі жылы ол 100% толтырылған болатын.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Іле өзені арқылы Балқашқа түсетін су мөлшері көпжылдық орташа көрсеткішке сәйкес келеді. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.

«Қазір Балқаштың су деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде сақталып отыр. Сонымен қатар француз сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар әзірленіп жатыр, далалық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта алынған нәтижелерге талдау жасалып жатыр», деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ Балқаш көлінің жағалауындағы жер телімдері инвесторларға ашық аукцион арқылы ұсынылатын болады. Бұл бастама көл жағалауын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Көп оқылғандар