Қаржы

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы майлы дақылдарды қаржыландыруды 2,6 есеге арттырды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Фермерлер егіс құрылымын әртараптандырып, қосылған құны жоғары дақылдарға басымдық беруде. Бұл үрдісті «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» форвардтық сатып алу бағдарламасының нәтижелері де растайды. Өткен аграрлық маусыммен салыстырғанда майлы дақылдарды қаржыландыру көлемі 2,6 есеге – 36 мың тоннадан 95 мың тоннаға дейін ұлғайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Күзгі егін жинау науқанынан кейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұлттық астық операторының ресурстарына 479,8 мың тонна астық және майлы дақыл өнімдерін жеткізеді. Оның 337,3 мың тоннасы немесе шамамен 70%-ы бидай болады. Қалған көлемді маржасы жоғары дақылдар – майлы зығыр, арпа, күнбағыс, рапс және жүгері құрайды.

2026 жылғы егіс науқаны барысында күнбағыс егілетін алқаптардың көлемі едәуір ұлғайды. Өткен аграрлық маусымда форвардтық келісімшарттар аясында 19,9 мың тонна күнбағыс тұқымын сатып алуға қаржы бөлінсе, биыл келісімшарт жасалған өнім көлемі екі есеге жуық артып, 37,8 мың тоннаға жетті.

Дәстүрлі түрде корпорацияның ресурстарына ең көп өнімді еліміздің астық белдеуіндегі шаруашылықтар жеткізеді. Қостанай облысының аграршылары 228,6 мың тонна астық және майлы дақыл өнімдерін, Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері – 162 мың тонна, ал Ақмола облысының агрокәсіпорындары 68,3 мың тонна өнім жеткізеді.

Алматы облысы мен өзге де оңтүстік өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатында агроөнімдерді форвардтық қаржыландыру бағдарламасына жүгері сатып алу енгізілді. Қаржыландырылатын дақылдар тізімінің кеңеюі фермерлерге нарықтағы сұраныстың өзгерістеріне жедел ден қойып, өсімдік шаруашылығындағы сұранысқа ие әрі рентабельді бағыттарды дамытуға мүмкіндік берді.

Көп оқылғандар