Астанадан барған оқушылар Ұлыбританиядағы халықаралық робототехника чемпионатында топ жарды. Хэрогейт қаласында өткен UK First Lego League Championship-те олар үздік атанып, жеңіспен оралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жарысты Institution of Engineering and Technology ұйымдастырған. Чемпионатқа әлемнің 110-нан астам елінен 679 мыңнан аса бала қатысқан.
Астаналық команда «Жұлдызды дизайн» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Олардың роботы ерекше инженерлік шешімімен көзге түскен.
«Біздің жігіттер өте ауыр дайындықтан өтті. Әрбір детальді ойластырып, роботтың дәлдігін жоғары деңгейге жеткізді. Нәтижесінде халықаралық деңгейде танылды», – дейді жаттықтырушы Ерлан Серікқалиев.
Жеңіс – тек команданың ғана емес, бүкіл қазақстандық робототехника саласының жетістігі. Енді оқушыларды басқа да халықаралық жарыстарға дайындау жоспарланып отыр.

