Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанадағы «Локомотив құрастыру зауытында» 700-ші локомотив шығарылды. Бұл отандық теміржол машина жасау саласының қарқынды дамуын және экспорт географиясының кеңеюін көрсетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Зауыт «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриялық паркінде орналасқан және халықаралық Wabtec Corporation тобына кіреді. Кәсіпорын Evolution сериялы локомотивтер шығарады. Өндірістік қуаты жылына 120 локомотивке дейін жетеді, мұнда 530-дан астам адам еңбек етеді. Өнімдер Орталық Азия және ТМД елдеріне жеткізіледі.
Wabtec компаниясының Қазақстанға салған тікелей инвестициясы $230 млн-нан асты. Бұл қаражат өндірісті дамытуға, технологиялар трансфертіне, мамандар даярлауға және жеткізушілердің өндірістік алаңдарын жақсартуға жұмсалды. Кәсіпорын төңірегінде қалыптасқан өндірістік және сервистік алаңдарда шамамен 1,5 мың маман жұмыс істейді.
Цифрлық технологияларды енгізу – кәсіпорын дамуының басты бағыттарының бірі. Evolution сериялы жүк локомотивтерінде отын шығынын азайтуға және тиімділікті арттыруға көмектесетін Trip Optimizer жүйесі қолданылады. 2024 жылдан бастап бұл жүйені Evolution сериялы локомотивтердің барлық жүк паркіне орнатудың өнеркәсіптік кезеңі басталды.
Кадр даярлауға ерекше мән берілуде. Wabtec компаниясы «ҚТЖ» АҚ-ның оқу орталығына виртуалды ортаға негізделген локомотив симуляторын және Evolution дизель қозғалтқышының моделін табыс етті. Қазіргі уақытта орталықта 1 000-нан астам қазақстандық маман кәсіби даярлықтан өтті. 2011 жылдан бері ЛҚЗ-да 150-ден астам студент тәжірибеден өтіп, оның оннан астамы жұмысқа орналасты.
№1 Индустриялық паркте жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда, 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған.
