Сурет: Gov.kz
Астанадағы автосалондардың бірінде сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген ер адам қала тұрғындарына тиесілі екі автокөлікті алдау және сенімге қиянат жасау арқылы заңсыз иемденген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сот оны кінәлі деп танып, 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушілер «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» көліктерін сату үшін автосалонға тапсырған. Кейін менеджер оларға сатып алушы табылғанын айтып, ақша бірнеше күнде аударылатынына сендіріп, көлікті үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген.
Қайта рәсімделгеннен кейін сотталушы сатудан түскен ақшаны өз қалауынша жұмсаған. Осы әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге жалпы 23 млн теңге материалдық залал келтірілген.
Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтар ұсынды. Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы меншікке қарсы қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
Мазмұнға өту
