Сурет: istockphoto.com
Қазақстан мен Қытай Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылады. Бейжіңде өткен азаматтық авиация саласындағы екіжақты келіссөздер барысында рейстер санын арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай әуе компаниялары тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152 рейске дейін ұлғайту туралы келісімге келген.
Келісім аясында Қазақстан Қытайдың 11 ірі қаласына рейс ашуға мүмкіндік алды. Оған елдің ең ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналатын Чунцин қаласы енгізілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін ашу мәселесі қарастырылды. Министрліктің мәліметінше, бұл жоба әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттыруға, ұшу бағыттарын оңтайландыруға және қолданыстағы әуе трассаларына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ тараптар отандық әуе компанияларына Қытай әуежайларынан слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану туралы келісім жасау мүмкіндігін талқылады.
Қазіргі уақытта Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсі жоқ. Алайда Алматы мен Шымкенттен Шанхайға тұрақты рейстер орындалып келеді.
Мазмұнға өту
