Әлем

АҚШ пен Ливан Израиль әскерін оңтүстіктен шығаруды талқылады

Сурет: Еuronews.com

АҚШ пен Ливан Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен кезең-кезеңімен шығару жөнінде келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бейрутте өткен келіссөздерде аумақты бақылауды Ливан армиясына беру көзделген алғашқы «пилоттық аймақты» іске қосу мәселесі қаралды. Бұл аймақтардағы іс-қимылды үйлестіру міндетін АҚШ Орталық қолбасшылығы өз мойнына алады.

Алдын ала келісілген жоспар бойынша, Израиль бөлімшелері кезеңмен шығарылғаннан кейін осындай екі аймақ құру қарастырылған. Бұл құжат бұған дейін АҚШ-тың араағайындығымен Израиль мен Ливан арасында келісілген еді.

Қазіргі уақытта Израиль армиясы бұл өңірде «Хезболла» қозғалысына қарсы операция жүргізіп жатыр. Алайда «Хезболла» тобы бұл келісімдерге қарсы екенін білдірді. Ұйым өкілдері келісім Израиль күштерінің Ливан аумағынан толық шығарылуына кепілдік бермейтіндігін мәлімдеді.

Келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан, аймақтағы жағдай әлі де тұрақсыз күйінде қалып отыр. Бұған дейін Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Мадждаль-Зун ауылында әскери операция жүргізіп, «Хезболла» қозғалысына тиесілі жерасты инфрақұрылымын жойғанын хабарлаған еді.

Көп оқылғандар