Сурет: Egemen Qazaqstan
АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісім мұнай нарығына әсер етті. Пәкістан билігі бұл келісімді жариялап, Ливанда атысты тоқтату туралы да келісімге қол жеткізілгенін хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ормұз бұғазы арқылы теңіз қатынасы қайта жанданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Нәтижесінде қара алтын бағасы 4 пайыздан астам төмендеді. Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны бір баррель үшін 84 доллардан төмен түсіп, WTI маркасының бағасы 81 долларға дейін арзандады.
Келісім туралы жаңалық Азия қор биржаларында оң серпін туғызды. Жапонияның Nikkei индексі 3,5 пайызға өссе, Оңтүстік Кореяның KOSPI индексі 5 пайыздан астам жоғарылады.
Сарапшылардың пікірінше, энергия тасымалдаушылары бағасының төмендеуі әлемдік экономикадағы инфляциялық қысымды бәсеңдетуі мүмкін. Алайда Иран мұнайының әлемдік нарыққа бұрынғы көлемде қайта оралуы белгілі бір уақытты қажет етеді.

