Қоғам

Астанада терезеден дәрет сындырған тұрғын 10 тәулікке қамалды

Сурет: istockphoto.com

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін көпқабатты үйдің терезесінен дәрет сындырған астаналық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 24 тамызға қараған түні елорданың Нұра ауданында болған. Куәгерлер түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерге тараған. Полиция қызметкерлері жазбаға назар аударып, құқық бұзушының Ақмола облысының 43 жастағы тұрғыны екенін анықтады.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, ер адам өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.

«Сот оның әрекетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық деп таныды. Сот шешім қабылдау кезінде құқық бұзушылықтың сипатын, қоғамға деген құрметсіздік танытқанын және оқиғаның әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамдық резонанс тудырғанын ескерген. Осыған байланысты ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада ережені қасақана бұзған жүргізуші 30 тәулікке қамалған болатын. Осыған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған ер адам белгіленген тыйымды елемей, темір тұлпарды тізгіндеген.

Көп оқылғандар