Сурет: U.S. CENTCOM
АҚШ әскері Ормуз бұғазы арқылы өтетін азаматтық кемелерге төнетін қауіпті азайту үшін Ирандағы нысандарға жаңа соққылар жасай бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 13 шілдеге қараған түні Иранға қарсы жаңа шабуылдар басталғанын мәлімдеді. CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде операцияның мақсаты – Ормуз бұғазы арқылы кедергісіз қатынайтын азаматтық теңізшілер мен коммерциялық кемелерге Иранның шабуыл жасау мүмкіндігін одан әрі әлсірету екені айтылған. Жоғарғы бас қолбасшы Иран күштерін жауапкершілікке тарту үшін осы соққыларды жасау туралы бұйрық берген.
Иранның IRIB мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, жарылыстар Бендер-Аббас портының батысында, Сирик қаласы маңында, Кешм аралында және Ормуз бұғазы аймағындағы Джаск қаласында болған. Mehr агенттігінің мәліметінше, Кешм аралындағы шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жараланған.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғанға дейін әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өткен Ормуз бұғазы «АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін жабық күйінде қалатынын» мәлімдеді. Алайда АҚШ әскері бұл мәлімдемені жоққа шығарып, Иран Ормуз бұғазын бақылап отырмағанын және кеме қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатқанын айтты.
Осыған ұқсас мәлімдемені 12 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп та жасады. 12 шілдеге қараған түні АҚШ әскері Ирандағы шамамен 140 әскери нысанға, соның ішінде зымыран және дрон қоймаларына, сондай-ақ байланыс тораптарына соққы жасағанын хабарлады. Вашингтонның мәліметінше, бұл шабуыл КСИР-дің Ормуз бұғазындағы GFS Galaxy контейнер кемесіне жасаған әрекетіне жауап болды. Ал Иран тарапы азаматтық кемеге Тегеран бекіткен бағыттан ауытқығаны үшін тек «ескерту ретінде оқ атылғанын» мәлімдеді.
12 шілдедегі АҚШ шабуылдарынан кейін Иран Парсы шығанағындағы бірнеше елге және Иорданияға соққы жасады. КСИР-дің мәліметінше, шабуылдардың нысанасы Катардағы Әл-Удейд америкалық әуе базасы мен Иранның айтуынша АҚШ авианосецтері пайдаланатын Омандағы Дукм порты болған. Сол күні Тегеран Ормуз бұғазында бір тәулік ішінде екінші кеменің қозғалысы тоқтатылғанын да хабарлады.
Еске сала кетсек, БҰҰ басшысы Иран мен АҚШ-ты келіссөзді шұғыл қайта бастауға шақырды.
Мазмұнға өту
