Сурет: Anadolu
АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазында Иранға қарсы әскери-теңіз блокадасын қайта енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде блокада тек Иран кемелері мен Иранмен жұмыс істейтін клиенттердің порттарға кіруіне немесе шығуына кедергі жасайтынын жазды. Сонымен қатар, АҚШ бұғаз арқылы тасымалданатын барлық жүктерге 20 пайыздық алым енгізеді.
Трамптың айтуынша, бұл алым «әлемнің аса тұрақсыз өңіріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындауға қажетті барлық шығындарды өтеуге» жұмсалады. Ол тиісті тетікті әзірлеу және қалыптастыру жұмыстары дереу басталатынын атап өтті.
АҚШ пен Иран арасындағы соққылардың қайта жалғасуы аясында қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық күшейіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы күрт азайды. Kpler компаниясының мәліметінше, жексенбі күні бұғаздан небәрі 14 кеме өткен, бұл соңғы бір айдағы ең төменгі көрсеткіш.
Бұған дейін АҚШ әскери күштері Ирандағы әскери нысандарға қарсы жаңа соққы сериясын бастады. Тегеран бұған жауап ретінде Иордания, Бахрейн, Кувейт және Омандағы АҚШ әскери нысандарына шабуыл жасалғанын хабарлады.
Мазмұнға өту
