Әлем

АҚШ Иранның екі зымыран қондырғысына соққы берді, Тегеран жауап қайтарды

Сурет: istockphoto.com

Таяу Шығыстағы қақтығыс қайта ушығып, АҚШ әскері Иран аумағындағы екі зымыран қондырғысына соққы берді. Бұл — шілде айының соңынан бері Иранға жасалған алғашқы расталған шабуыл, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

АҚШ күштері 30 тамызда Ормұз бұғазындағы Ларак аралында орналасқан нысаналарды атқылады. Вашингтонның мәліметінше, бұл қондырғылар Ислам революциясы сақшылар корпусының бақылауында болған және олар бұғазға зымырандар мен теңіз миналарын орналастыруға дайындалған.

Иран тарапы шабуылдан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланғанын хабарлады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындар бар.

Жауап ретінде Иран Иорданиядағы АҚШ әскери нысандарына баллистикалық зымырандар ұшырды. АҚШ тарапы зымырандардың басым бөлігі ұсталғанын, ірі шығын мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Тегеран Ормұз бұғазын бірлесіп пайдалану жөніндегі Оманның ұсынысын қабылдамай, Иорданиядағы АҚШ күштеріне соққы жасаған еді. Осыдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның жауап соққыларын қайтаратынын айтып, Тегеранға «қатаң сабақ берілетінін» жеткізген. Көп ұзамай Ақ үй басшысы Ираннан соңғы ондаған жылдағы қақтығыстар, шабуылдар мен наразылықтар салдарынан келтірілген шығын және адам өлімі үшін өтемақы төлеуді талап етті.

Көп оқылғандар