Жайық news

Ақсайда «Жастар» стадионы ашылып, КПО ПРК-1 жобасын аяқтады

Сурет: Жайық Пресс

Бөрлі ауданының Ақсай қаласында реконструкциядан кейін «Жастар» стадионы ашылды. Сол күні КПО Қарашығанақты кеңейту жобасының (ПРК-1) аяқталғанын хабарлады, деп жазады Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Стадионды компания өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша жаңартты. Спорт кешенінің ауданы – екі гектар. Мұнда жаттығу, жарыс және бұқаралық іс-шаралар өткізуге болады.

Стадион аумағында футбол алаңы, ойын алаңдары және дене шынықтыруға арналған аймақтар бар. Реконструкция барысында футбол алаңы заманауи талаптарға сай толық жаңартылып, көрермендерге арналған трибуналар жаңғыртылды, киім ауыстыратын және душ бөлмелері жөнделді. Келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінді. Нысанда жарықтандыру жүйелері мен инженерлік коммуникациялар жаңартылып, заманауи жабдық орнатылып, жаттығулар мен спорттық іс-шараларды өткізуге қосымша мүмкіндіктер жасалды.

Ашылу рәсіміне облыстық және аудандық әкімдіктердің өкілдері, КПО басшылығы, мердігер ұйымдар, БАҚ және қоғам қатысты. Сөз сөйлеушілер жаңартылған стадионның бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға маңызды екенін атап өтті.

«Біз Ақсайдың спорттық инфрақұрылымын дамытуға үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Жаңартылған стадион спорттық іс-шаралар, дене шынықтыру және қала тұрғындарының белсенді демалысы үшін маңызды алаң болады деп сенемін», – деді КПО бас директоры Марко Марсили.

КПО Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жобаларды қолдауды жалғастырып, жергілікті атқарушы органдармен серіктестікте инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыруда. 2022 жылдан бастап КПО 11 спорттық нысанды пайдалануға берді, оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру және мәдени-спорттық кешендер бар. Осы нысандардың үшеуі Бөрлі ауданында іске асырылды. КПО-ның БҚО-дағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жалпы инвестициясы 970 млн АҚШ долларынан асты.

Сонымен қатар КПО ПРК-1 жобасының аяқталғанын мәлімдеді. Жобаның соңғы нысаны – газды кері айдаудың 6-шы компрессоры. ПРК-1 газ факторын төмендету және сұйық көмірсутектер өндіру деңгейін ұстап тұру үшін жүзеге асырылды. Компрессор іске қосылуымен жоба толығымен орындалды.

Салтанатты рәсімге ҚР Энергетика министрлігінің, «PSA» ЖШС уәкілетті органының, облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдері, Қарашығанақ жобасы бойынша серіктес компаниялар және КПО басшылығы қатысты. Қонақтар кен орнында болып, жаңа нысандардың жұмысымен және енгізілген техникалық шешімдермен танысты.

Марко Марсили жобаның күрделі болғанын атап өтті: «ПРК-1 өте күрделі міндет болды, бірақ біздің команда Қазақстан Үкіметімен және акционерлерімізбен тығыз ынтымақтастықтың арқасында оны сәтті шешті. Олардың тұрақты қолдауы ПРК-1-ді қауіпсіз және уақтылы іске асыруда шешуші рөл атқарды». Қатысушылар КПО-ға атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, ұжымға Қарашығанақ кен орнын игеруде одан әрі табыс тіледі.

Көп оқылғандар