Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанның көптеген өңірінде қалыптан тыс ыстық ауа райы сақталып тұр. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері бірқатар аймақта ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін жетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мамандардың айтуынша, республиканың орталық, солтүстік және батыс облыстарында күн 40 градусқа дейін ысиды. Ал оңтүстік өңірлерде кей жерлерде +45 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Сонымен қатар, кей аймақтарда найзағай ойнап, екпінді жел соғуы және бұршақ жаууы мүмкін.
«Қазгидромет» өкілдерінің түсіндіруінше, еліміздегі ыстықтың негізгі себебі – Иран аумағынан келіп жатқан ыстық әрі құрғақ ауа массалары. Соған қарамастан, кей өңірлерде атмосфералық фронттардың әсерінен қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болуы ықтимал.
Дәрігерлер тұрғындарға күннің ең ыстық уақыты – 11:00 мен 17:00 аралығында сыртқа шықпауға кеңес береді. Әсіресе балалар, қарттар және ашық аспан астында жұмыс істейтін азаматтар ерекше сақ болғаны жөн.
Мамандар көп су ішіп, ашық түсті киім киюге, көлеңкеде немесе салқын жерде болуға шақырады. Сондай-ақ балалар мен үй жануарларын жабық көлікте қалдырмау қажеттігін ескертті.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздегі аптап ыстық тағы бірнеше күнге жалғасады.
Мазмұнға өту
