Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада «AMANAT» партиясының кезекті съезі өтіп, онда партия мүшелері «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдады. Бұл шешім Мемлекет басшысының барлық прогрессивті күштерді біріктіру туралы үндеуіне қолдау көрсету мақсатында қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Съезге Қазақстанның барлық өңірінен 1500-ден астам делегат, Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары жаңа қоғам мен мемлекеттің келбетін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіздік, халықтың әл-ауқаты мен бірлігі, ұлт тұтастығы басты құндылықтарға айналды. Билік институттары жаңғырып, саяси бәсекелестік күшейді, қоғам шешім қабылдауға ықпал ететін дауысқа ие болды.
Мәжіліс Төрағасы жаңа Конституцияның қабылдануын Президент саясатының жеңісі деп бағалады. Ол еліміздің жаңа тарихи дәуірге аяқ басқанын, оның негізінде адам, әділдік, заң және прогресс қағидаттары жатқанын айтты.
«Қазір біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Бүгінде еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Сондықтан осы жауапты кезеңде өз ресурстарымызды жаңа саяси күш – «Әділет» партиясына қосуымыз керек. Осылайша, біртұтас президенттік бағыттағы саяси күш құрамында Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құруды жалғастырамыз. Біз өз қағидаттарымыздан, ұстанымдарымыздан және идеяларымыздан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа даму деңгейіне көтереміз», деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» Төрағасы бұл шешімді табиғи әрі кемел саяси үдеріс деп атады. Ол «AMANAT» пен «Әділет» құндылықтарын біріктіре отырып, қоғамдық бірлікті нығайтуға болатынын айтты.
Съезде Мемлекет басшысының саяси бағытына қолдау көрсету бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Айдос Сарым реформаларды заңнамалық қолдау мәселесін баяндады. Осы шақырылымда бастамашылық етілген 118 заң жобасының 104-ін «AMANAT» фракциясы әзірледі, бұл 88 пайызды құрайды.
Партия әлеуметтік жобалар арқылы өзекті мәселелерді шешіп келді. «Қарызсыз қоғам» жобасы 1,5 млн адамға қарыз жүктемесімен күресуге көмектесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2,5 пайызбен микронесиелер беріп, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашты. «Жер аманаты» жобасы аясында 15 млн гектар жер қайтарылды. «Цифрлық қоғам» жобасы цифрлық сауаттылықты арттырды. «TURGYNDAR AMANATY» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуге бағытталды.
Үш жыл ішінде «Халықпен бірге!» бағдарламасының 70 пайызы орындалды: 600 жаңа мектеп салынды, мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтерілді, инсульттік және кардиологиялық орталықтар ашылды, тегін скрининг бағдарламалары іске қосылды. Мұғалімдер өздеріне тән емес міндеттерден босатылып, ауылдық жерлерге баратын дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы енгізілді.

