Categories Саясат

«Amanat» партиясы «Әділетке» қосылу туралы шешім қабылдады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада өткен «Amanat» партиясының кезекті съезінде партия мүшелері «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдады. Бұл шешім Мемлекет басшысының барлық прогрессивті күшті біріктіру туралы үндеуіне қолдау ретінде қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Съезге еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам делегат, Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары және «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары жаңа қоғам мен мемлекеттің келбетін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіздік, халықтың әл-ауқаты мен бірлігі, ұлт тұтастығы сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шықты. Президенттің батыл шешімдері билік институттарын жаңғыртып, саяси бәсекелестікті күшейтті.

Ерлан Қошанов жаңа Конституцияның қабылдануын осы үдерістердің шарықтау шегі және Президент саясатының жеңісі деп бағалады. Ол еліміздің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын, оның негізінде адам, әділдік, заң және прогресс қағидаттары жатқанын айтты.

«Қазір біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Бүгінде еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Сондықтан осы жауапты кезеңде өз ресурстарымызды жаңа саяси күш – «Әділет» партиясына қосуымыз керек. Осылайша, біртұтас президенттік бағыттағы саяси күш құрамында Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құруды жалғастырамыз. Біз өз қағидаттарымыздан, ұстанымдарымыздан және идеяларымыздан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа даму деңгейіне көтереміз», деді Е.Қошанов.

«Amanat» төрағасы бұл шешімді табиғи әрі кемел саяси үдеріс деп атады. Ол «Аманат» – бабалар аманаты, «Әділет» – әділдік екенін, осы құндылықтарды біріктіру арқылы қоғамдық бірлікті нығайтатынын айтты.

Съезде Мемлекет басшысының саяси бағытын қолдауда партияның атқарған жұмысы қорытындыланды. Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Айдос Сарым реформаларды заңнамалық қолдау туралы баяндады. Осы шақырылымда 118 заң жобасының 104-ін «Amanat» фракциясы әзірлеген, бұл барлық заңнамалық бастаманың 88 пайызын құрайды.

Партия әлеуметтік жобалар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешіп келді. «Қарызсыз қоғам» жобасы 1,5 млн адамға қарыз жүктемесімен күресуге көмектесті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2,5 пайызбен микронесие беріп, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашты. «Жер аманаты» аясында 15 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. «Цифрлық қоғам» жобасы цифрлық сауаттылықты арттырса, «Turgyndar amanaty» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуге бағытталды.

Үш жыл ішінде «Халықпен бірге!» бағдарламасының 70 пайызы орындалды: 600 жаңа мектеп салынды, мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтерілді, инсульттік және кардиологиялық орталықтар ашылды, тегін скрининг бағдарламалары іске қосылды. Мұғалімдер өздеріне тән емес міндеттерден босатылып, ауылдық жерлерге баратын дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы енгізілді.

Съезде өңірлердің, әйелдер және жастар қанаттарының өкілдері сөз сөйледі. Әйелдер қанатының тең төрағасы, Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ партияның жаңа Конституцияны ілгерілетуге қатысуы туралы айтты.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан мен Сауд Арабиясы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Сауд Арабиясының Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар Әл-Хорайефпен кездесіп,…

«AMANAT» съезі «Әділет» партиясына қосылуды мақұлдады

«AMANAT» партиясының съезі «Әділет» партиясына қосылуды мақұлдады. Бұл шешім Президент реформаларын қолдау мақсатында қабылданды.

«AMANAT» съезі «Әділет» партиясына қосылуды қолдады

«AMANAT» партиясының съезінде партия мүшелері, Парламент депутаттары және өңірлік ұйымдардың өкілдері «AMANAT» пен «Әділет» партияларын…