Ақорда

Алатау қаласын дамыту мәселелері талқыланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режімі туралы» конституциялық заңды іске асыру және жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституция ауқымды президенттік реформалардың жалғасы екенін және экономиканы жаңғыртуға негіз қалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Alatau City жобасы инвестиция тартуға, озық басқару шешімдерін енгізуге және қаланың жаңа моделін құруға бағытталған.

«Негізгі заңмен бірге «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режімі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Президент тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық даму драйверлерінің бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласының кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті – арнаулы құқықтық режімді уақтылы әрі сапалы іске асыруды қамтамасыз ету», — деді Олжас Бектенов.

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Абдықадыров ұйымның ағымдағы қызметі мен Алатау қаласын дамыту жоспарлары туралы баяндады. Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құру, инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір, Жаңаталап шағын аудандарында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Биыл жыл соңына дейін қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарын, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен мастер-жоспарды әзірлеу жоспарланған.

Кеңес отырысында K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City жобаларына назар аударылды. K-Smart City шеңберінде Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде 330 гектар жерге өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру көзделген. Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы қалалық үдерістерді басқару үшін цифрлық сыңарды, Big Data және жасанды интеллектіні енгізуді қарастырады. Alatau Crypto City аясында токенизация және Web3-экожүйені қалыптастыру жобалары іске асырылады.

Alatau City Authority деректері бойынша 51 мың жұмыс орны ашылатын 2 трлн теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Негізгі жобалар қатарында Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma зауыты, «AutoFlight» пен «Joby» компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусын салу жобасы бар. 2026 жылдың соңына дейін токенизациялау аясында алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін кеңістік қалыптастыру жоспарлануда.

Кеңес бірқатар шешім қабылдады. Alatau City Authority туралы ереже бекітіліп, ұйым Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жауапты мемлекеттік орган болып қайта құрылады. Қаланы тиімді басқару үшін Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құрылады. Сондай-ақ Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құру қолдау тапты. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге қаланы дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Көп оқылғандар