Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
2026 жылғы 25-27 қазан аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылар республикалық байқауы өтеді. Байқауға өтінімдер 15 қыркүйекке дейін қабылданады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Байқауға республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық байқаулардың жеңімпаздары қатыса алады. Қатысушылардың жасы 20 мен 35 аралығында болуы керек. Бұған дейін осы байқаудың Гран-при жүлдесін иеленген өнерпаздар қайта қатыса алмайды.
Алдын ала іріктеу үшін қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарынан екі туындыны орындап, бейнежазбасын жібереді. Бейнежазба монтажсыз, дыбысты өңдеусіз және камераны қозғалтпай түсірілуі тиіс. Негізгі кезеңге өткендердің тізімі 25 қыркүйекке дейін жарияланады.
Байқаудың негізгі кезеңі екі турдан тұрады. Әр турда қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарынан бір туынды және өз таңдауы бойынша екі шығарма орындайды. Екі турда орындалатын әндер қайталанбауы керек.
Байқау 27 қазанда өтетін гала-концертпен аяқталып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады.
