Сурет: ашық дереккөзден
Қазан айынан бері «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисін 831 азамат пайдаланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік төлемнен бас тарту — азаматтың өз еркімен қабылдайтын шешімі. Бұл тетік мемлекеттік қолдауды шын мұқтаж жандарға басымдықпен жеткізуге мүмкіндік береді.
Сервис eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Ол әл-ауқаты жоғары, ауқатты отбасылар санатына жататын әлеуметтік төлем алушыларға арналған. Өтінішті мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде үш қадаммен беруге болады:
- eGov Mobile қосымшасына немесе eGov.kz порталына авторизациядан өту;
- алынатын жәрдемақылар тізімінен әлеуметтік төлем түрін таңдап, «Қол қою және жіберу» батырмасын басу;
- қабылданған шешімді қайта растау. Растағанға дейін өтінішті кері қайтарып алуға болады.
Азамат кейіннен әлеуметтік төлем алуға қайта өтініш бере алады. Жолданған өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
Еске салайық, 2027 жылғы 11 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сін тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі пилоттық режимде ескерілмек. Отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік көмек алушыны анықтау калькуляторы» арқылы білуге болады.
Еңбек министрлігі азаматтарды сервисті тек eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы пайдалануға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.
Мазмұнға өту
