Сурет: Aikyn.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемге қатысты Әлеуметтік кодекстегі негізгі өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл өзгерістер азаматтарға тұрақты жұмыс табуды тездетуге бағытталған.
Бірінші қадам – мансап орталығына жүгіну және бос орындарды іріктеу. Жұмыстан айырылған жағдайда жұмысқа орналасуға көмек алу үшін ең алдымен мансап орталығына бару қажет. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Осы уақыт аралығында орталық мамандары кәсіби тәжірибе мен дағдыларды зерделеп, лайықты бос орындарды іріктеп, жұмыс берушілермен сұхбат ұйымдастырады.
Екінші қадам – жұмыссыз мәртебесін алу. Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Мансап орталығы бос орындарды іздеуді жалғастырады, қажет болса кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқудан өту ұсынылады.
Үшінші қадам – әлеуметтік төлемге өтініш беру. Жұмыссыз мәртебесін алған соң өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Сондай-ақ ұялы телефонға келген SMS-хабарлама арқылы проактивті қызметті пайдалануға немесе мансап орталығына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып өтініш беруге болады. Әлеуметтік төлем алынғанына қарамастан, мансап орталығы лайықты жұмыс іздеуді жалғастырады.
Төртінші қадам – төлем мерзімі мен мөлшерін есептеу. 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлем мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және 3 айдан аспайды. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды, ал есепке алынатын орташа айлық табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспайды.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ғана алуға құқылы.
Мазмұнға өту
