Сурет: Үкімет
Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық Кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 20-шы отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отырыста жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолданудың практикалық мәселелері талқыланды. Жаңа Салық кодексінің басты жаңалығы — салық шегерімдері жүйесін жетілдіру және азаматтарға салық жүктемесін азайту. Ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, бірақ жылына 360 АЕК-тен аспайтын базалық салық шегерімі енгізілді. Ол жеке тұлғаның салық салынатын кірісін азайтады, яғни төленетін ЖТС сомасын төмендетеді. Сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары бойынша шегерімдер сақталды.
Отырыста қызметкердің табысы шегерім сомасынан төмен болған жағдайда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрынғы Салық кодексі салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруға мүмкіндік берсе, жаңа редакцияда бұл норма жоқ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері пайдаланылмаған бөлікті ауыстыру тетігін сақтауды ұсынды. Алайда мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы — азаматтарды, әсіресе табысы төмен қызметкерлерді ай сайын қолдау екенін түсіндірді. Сондықтан базалық салық шегерімі әр ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған сома кейінгі кезеңдерге ауыстырылмайды.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті базалық салық шегерімінің асып кетуіне жол берілмейтінін растайтын ресми түсініктемелер дайындайды.
Отырысқа қатысушылар әлеуметтік салық шегерімін қолдануға ерекше назар аударды. Салық кодексінде I және II топтағы мүгедектер үшін 5 000 АЕК, III топтағы мүгедектер, мүгедек балалардың ата-аналары, асырап алушылар мен қамқоршылар үшін 882 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі көзделген. Қолданыстағы редакция жұмыс берушіні ауыстырған кезде пайдаланылмаған соманы есепке алуға мүмкіндік береді, бірақ бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істеген жағдайдағы тәртіп нақты реттелмеген. Бұл норманы екіұшты қолдану және теріс пайдалану тәуекелдерін тудыруы мүмкін. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтық жеңілдіктің әлеуметтік бағытын сақтайтын және теріс пайдалануды болдырмайтын бірыңғай тәсіл әзірлеу тапсырылды.
Мазмұнға өту
