Жайық news

БҚО-да 20 тонна тауық жұмыртқасын заңсыз кіргізу әрекеті тоқтатылды

Сурет: АШМ

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағына 20 тонна тағамдық тауық жұмыртқасын заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Самара (Ресей Федерациясы) – Астана бағытымен келе жатқан жүк көлігін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаменті қызметкерлерімен бірлесіп тексерген. Тексеру барысында тағамдық тауық жұмыртқаларының заңнамада көзделген ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.

Жүк тиелген автокөлік кері қайтарылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Тасымалдаушыларға Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасы талаптары, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» шешімінің қағидаттары түсіндірілді.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдерден және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салынған.

Аталған шаралар аталған өнім тасымалын реттеуге, сондай-ақ елдегі ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық қолайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, жыл басынан бері «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде заңнама талаптарының 216 рет бұзылғаны анықталды. 216 жүк автокөлігі кері қайтарылды. 90 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасы талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Мемлекеттік шекара арқылы бақылауға жататын өнімдерді өткізу кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттардың болуына және белгіленген шектеулердің сақталуына ерекше назар аудару қажет.

Ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және Қазақстан Республикасының азық-түлік нарығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі.

Көп оқылғандар