Сурет: ҰОК
Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаеваның аяқ киіміне қатысты наразылықтан кейін Жеңіл атлетика федерациясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Федерация спортшының құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастыруда. Қабылданған шешімге наразылық білдіріліп, тиісті шағым жіберілді.
«World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады. Сонымен бірге федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды», делінген ақпаратта.
Федерация мәлімдемесінде Ясминаға толыққанды оқу-жаттығу процесі, медициналық-биологиялық сүйемелдеу және дайындыққа қажетті барлық жағдай жасалғаны атап өтілген. Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрініп, Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті.
«Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет деп санаймыз. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылады. Қазақстанның барлық спорт ұйымдарының ортақ міндеті – спортшы жарысқа шыққанда өзінің дайындығына, сонымен қатар құқықтары мен мүддесі кәсіби деңгейде қорғалатынына да сенімді болуы үшін барлық қажетті шараны қабылдау. Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Ұлттық Олимпиада комитеті Азия ойындарындағы спорттық жүріс жарысындағы жағдайға қатысты ақпарат берген болатын.
