Әлем

Жасанды интеллектке сенген туристер таулы шатқалда оқыс оқиғаға тап болды

Сурет: Wikimedia

Американың Калифорния штатындағы тау шатқалында жасанды интеллектінің көмегіне жүгінген үш турист оқыс жағдайға тап болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Туристер чат-боттан жүретін бағыт пен өздерімен бірге алу керек қажетті заттар мен азық-түлік туралы кеңес сұраған.

Жасанды интеллектінің кеңесіне жүгінген туристер топқа қажетті мөлшерден әлдеқайда аз су мен азық-түлік алып шыққан. Соның салдарынан жоспарланған 8 сағаттық жорық бірнеше күнге созылған.

Полицияның мәліметінше, альпинистер теңіз деңгейінен 2,5 мың метр биіктікте лагерь құрған. Түнгі сағат үште олар рюкзактарын арқалап, Шаста тауын бағындыруға аттанған.

Ережеге сәйкес, таудан түсуді күндізгі жарықта үлгеру үшін түскі сағат 12-ден кешіктірмей бастау керек. Алайда туристер тауда кешкі сағат 7-ге дейін жүрген. Қараңғыда соқпақтармен төмен түсіп келе жатып, олар жолдан адасып, қауіпті Мад-Крик каньонына тап болған. Бұдан бөлек, топ мүшелерінің бірі құлап, тізесін жарақаттап алған.

Топ тік шатқалда түнеуге мәжбүр болып, таңертең оларды АҚШ Орман қызметінің рейнджерлері тауып, қажетті көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге жеткізген.

Жергілікті полиция тауда қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды. Сарапшылар да маршруттың дұрыстығына көз жеткізіп, алынған ақпаратты қайта тексеруге және жасанды интеллектке сенбеуге кеңес берді.

Шаста тауындағы маршрут техникалық тұрғыдан аса күрделі емес, алайда тыңғылықты дайындықты қажет етеді. ABC News агенттігінің мәліметінше, бұл бағытта адамдардың адасып, қаза болған жағдайлары да белгілі.

Айта кетейік, Алматы тауларындағы Северцов мұздығында шамамен 4300 метр биіктікте адам сүйегі табылды.

Көп оқылғандар