Шартарап

Жапонияда Super Mario стиліндегі жүгіру жарысы өтеді

Сурет: Pexels

Жапонияның Саппоро қаласында 13 қыркүйекте Super Mario тақырыбындағы жүгіру жарысы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ерекше спорттық шара Хоккайдо аралында өтеді және Жапонияда алғаш рет Super Mario тақырыбында өткізілмек. Іс-шараны Doshin EC Inc. компаниясы ұйымдастырады. Қатысушыларды әйгілі бейнеойындар сериясындағы әуендер, Nintendo кейіпкерлері, фотоаймақтар және естелік сыйлықтар күтеді.

Ұзындығы 2,5 шақырым болатын бағыт Саппородағы Daiwa House Premist Dome стадионының іші мен айналасын қамтиды. Қатысушылар бүкіл қашықтық бойы Super Mario ойындарындағы музыканы тыңдайды. Жүгірушілер үшін Марио және франшизаның басқа да кейіпкерлерімен арнайы фотоаймақтар дайындалады. Ұйымдастырушылар мәреде тосынсый болатынын уәде етті.

Тіркелген әрбір қатысушыға фирмалық футболка, кепка, сүлгі және шектеулі сериямен шығарылған естелік медаль табысталады. Сондай-ақ іс-шара өтетін аумақта эксклюзивті тауарлар сатылады.

Жарысқа ең көп дегенде 6 мың адам қатыса алады. Тіркелу іс-шараның ресми сайтында жүргізіледі. Қатысу құны жоғары сынып оқушылары мен ересектер үшін 6 600 иенді (шамамен 41 АҚШ доллары), ал үш жастан бастауыш сынып жасына дейінгі балалар үшін 5 500 иенді құрайды.

Жүгіруге қатыспайтын қонақтар да іс-шара алаңына кіре алады. Олар үшін балалар ойын аймақтары ұйымдастырылып, Nintendo Switch 2 ойын консолін сынап көруге мүмкіндік беріледі.

Nintendo компаниясы 1985 жылы шығарған Super Mario франшизасы әлемдегі ең танымал бейнеойындар серияларының бірі саналады. Оның басты кейіпкері – сантехник Марио – ойын индустриясындағы ең танымал бейнелердің біріне айналған.

Көп оқылғандар