Әлем

Жапонияда 15 жастағы жасөспірім 46 мың аккаунтты өшірген күдікпен қамауға алынды

Сурет: Kyodo

Жапонияда 15 жастағы мектеп оқушысы аниме стримингтік сервисінің 46 мыңнан астам пайдаланушысының аккаунтын заңсыз өшірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Токио полициясының мәліметінше, Сайтама префектурасының Токородзава қаласында тұратын жоғары сынып оқушысы Bandai Namco Filmworks компаниясына тиесілі Bandai Channel платформасының жүйесіндегі осал тұсты пайдаланып, компания жұмысына кедергі келтірді деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, жасөспірім 2025 жылғы 4 қарашада өзі жасаған бағдарлама арқылы серверге жалған деректер жіберіп, 46 812 пайдаланушының жазылымын олардың келісімінсіз тоқтатқан. Соның салдарынан сервис уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Полицияның айтуынша, күдікті платформаның қауіпсіздік жүйесіндегі осалдықты анықтап, зиянды бағдарламаны ChatGPT көмегімен жетілдірген. Компания оның серверге қолжетімділігін бұғаттағанымен, ол IP мекенжайын бірнеше рет өзгертіп, шабуылдарын жалғастырған.

Жасөспірім тағылған айыптарды мойындап, компанияға ешқандай өкпесі болмағанын айтқан. Оның сөзінше, бағдарламалауды бастауыш мектептің төртінші сыныбынан бастап өз бетінше меңгерген.

Көп оқылғандар