Әлем

Жапония БҰҰ картасына Куриль аралдарына қатысты наразылық білдірді

Сурет: Куриль аралдары/istockphoto.com

Жапония Біріккен Ұлттар Ұйымы мақұлдаған жаңа әлем картасына түзету енгізуді сұрады. Токио Куриль аралдарының Ресей құрамында көрсетілуіне қарсылық танытты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 4 қыркүйекте Equal Earth картографиялық проекциясын мақұлдаған қарар қабылдады. Құжатты 164 мемлекет қолдап, АҚШ қарсы дауыс берді, ал 6 ел қалыс қалды. Жаңа картада Африканың аумағы нақты көлемінде беріліп, Солтүстік Америка мен Еуропаның көлемі кішірейтілген.

Бастапқыда Жапония да қарарды қолдаған 164 елдің қатарында болды. Бірақ жаңа картада Куриль аралдары Ресеймен бір түспен белгіленген. Жапония Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Минору Кихара мұның Токионың ұстанымына қайшы келетінін айтып, карта операторының атына дипломатиялық арналар арқылы наразылық жолданғанын мәлімдеді.

Куриль аралдары мәселесі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Ресей мен Жапония арасындағы аумақтық даудың бірі болып келеді. Токио Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдарын «Солтүстік аумақтар» деп атап, тарихи мекені санайды. Мәскеу бұл аралдардың Ресей құрамына кіретінін айтып, аумақтық мәселе шешілген деп есептейді. Осы дауға байланысты екі ел арасында бейбітшілік туралы келісім әлі жасалған жоқ.

БҰҰ жаңа картаны әлемдегі құрлықтардың көлемін дәлірек көрсету мақсатында ұсынған. Ұйымның мәліметінше, бастама дәстүрлі Меркатор проекциясындағы географиялық бұрмалануды азайтуға бағытталған.

Бұған дейін Жапония үкіметі Ормұз бұғазын айналып өтетін мұнай құбырларын салуды қолдайтынын хабарлаған еді.

Көп оқылғандар