Сурет: Egemen Qazaqstan
Боксшы Жәнібек Әлімханұлы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында чемпиондық белбеулерімен суретін жариялап, қиындықтар, сынақтар және мәңгілік мұра туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Қиындықтар өтеді. Сынақтар аяқталады. Тіпті сізге кедергі келтіруге тырысқандар да ұмытылады. Бірақ чемпиондар ешқашан ұмытылмайды. Олардың нокауттары мен рингте қалыптастырған мұрасы мәңгі өмір сүреді», деп жазды боксшы.
2025 жылдың желтоқсанында Әлімханұлы кубалық Эрисланди Ларамен өтетін айқас алдында допинг дауына қалған еді. Оның сынамасынан мельдоний препараты анықталды. Осыдан кейін Халықаралық бокс федерациясы (IBF) спортшыны чемпиондық атағынан айырып, рейтингтен шығарып тастады.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлына 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жылдық дисквалификация белгіледі. Алайда IBF-тен айырмашылығы, WBO оның әлем чемпионы мәртебесін сақтап қалды. Ол жарыстан шеттетілген кезеңде салмақ дәрежесіндегі бәсекелер тоқтап қалмауы үшін WBO уақытша чемпиондық титулды енгізді. Бұл белбеуді сәуір айында британдық Дензел Бентли жеңіп алды. Ұйым ережесіне сәйкес, дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін, яғни биылғы желтоқсанда Әлімханұлы белбеулерді біріктіру үшін Бентлиге қарсы реванш жекпе-жек өткізуге міндетті болады.
Мазмұнға өту
