Қоғам

«Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары аясында «Бақыттың баспалдағы» драмалық қойылымы көрерменге жол тартты

«Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету, қоғамда заңға құрмет пен адалдық құндылықтарын нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Казталов халықтық театрының «Бақыттың баспалдағы» атты драмалық қойылымы сахналанды.

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы М.Байсалов, аудан жұртшылығы, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Қойылым барысында адам өміріндегі адал еңбек, әділдік, жауапкершілік, ар-ождан, заң талаптарын сақтау және дұрыс таңдау жасау сияқты маңызды құндылықтар көркем түрде көрініс тапты. Спектакль көрерменді қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойлануға жетелеп, құқық бұзушылықтың салдары мен заң үстемдігінің маңызын терең жеткізді.

Департамент басшысы М.Байсалов мәдениет пен өнердің қоғамда құқықтық сана мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, осындай тағылымды қойылымдар жастарды адалдыққа, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге ықпал етеді.

Іс-шара соңында көрермендер қойылымның тәрбиелік мәніне жоғары баға беріп, қоғамда заң үстемдігін нығайту мен адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттауда мұндай мәдени жобалардың маңыздылығын атап өтті.

Көп оқылғандар