Спорт

Ямаль мен Холанд 220 млн еуромен әлемдегі ең қымбат футболшы атанды

Сурет: 24 kg

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты аяқталған соң Испания құрамасының ойыншысы Ламин Ямаль мен Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холандтың нарықтық құны рекордтық 220 миллион еуроға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Transfermarkt порталы мәлім етті. Ямаль мен Холандтың трансферлік бағасы 20 миллион еуроға өсіп, қазір олардың құны 220 миллион еуро деп бағалануда. Осылайша, футболшылар әлемдегі ең қымбат ойыншылар атанды.

Үшінші орында Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе тұр, оның нарықтық бағасы — 200 миллион еуро. Турнир барысында 100 миллион еуролық межеден испаниялық Пау Кубарси, аргентиналық Энцо Фернандес, сондай-ақ Англия құрамасының ойыншылары Эллиотт Андерсон мен Морган Роджерс асты. Олардың әрқайсысының құны 110 миллион еуроға жетті.

Чемпионаттан кейін ең көп қымбаттаған футболшы — Эллиотт Андерсон болды. Оның трансферлік құны 35 миллион еуроға өсті. Одан кейін Англия құрамасының ойыншысы Джуд Беллингем мен Марокко футболшысы Аюб Буадди келеді — олардың бағасы 30 миллион еуродан артқан.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионы атанған — Испания құрамасы. Финалда испаниялықтар Аргентина құрамасын жеңді. Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталып, қосымша уақыттың екінші бөлігінде «Барселона» клубының 26 жастағы шабуылшысы Ферран Торрес жеңіс голын соқты. Испанияның ұлттық құрамасы биылғы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін алған сыйақысынан шамамен 15 млн АҚШ доллары көлемінде салық төлейтін болды.

Көп оқылғандар