Сурет: Burnley FC
Алматылық «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтпаевтың «Челсиден» «Бёрнлиге» жалға ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Қайрат» академиясының түлегі өткен аптада Чемпионшипте ойнайтын «Бёрнлиге» жалға берілді. Бұған дейін оның француздық «Страсбурға» ауысуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді. Уразбахтиннің ойынша, футболшы үшін Англияда қалу дұрыс шешім болды.
«Егер объективті қарасақ, оның Англияда қалғаны жақсы. Қазақстан чемпионатынан бірден АПЛ-да ойнау оңай емес. «Челси» шабуыл шебіне бірнеше ойыншы алды. Оның үстіне Хаби Алонсо клубқа үлкен амбициямен келді, оның басты мақсаты жастарды дамыту емес, команда алдындағы міндеттерді орындау», – деді маман.
Уразбахтин Чемпионшиптегі ойын қарқыны Сәтпаевтың дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, лигада АПЛ-дегідей жоғары деңгейдегі футболшылар көп болмаса да, ойынның қарқыны мен қарқындылығы жас шабуылшыға пайдалы тәжірибе болады.
«Бұл Дастан үшін өте жақсы шешім. Чемпионшип – өте қарқынды чемпионат. Дастанның «Бёрнлиде» жеткілікті ойын тәжірибесін жинайтынына сенімдімін», – деді «Қайрат» бапкері.
Сонымен қатар Уразбахтин Сәтпаевпен трансферден кейін сөйлескенін айтып, футболшының «Бёрнлиге» ауысуына «Челси» бас бапкері Хаби Алонсоның өзі ықпал еткенін жеткізді.
«Басшылығымыз Дастанмен сөйлесті. Оның айтуынша, дәл Алонсо Англиядан кетпеуін талап еткен. Ол Дастанды жанында ұстап, оның дамуын бақылағысы келеді. Дастанның өзі де бұл нұсқаға риза деп түсіндім. «Бёрнли» сапында қанша гол соғатынын болжайтын болсақ, он гол соқса, өте жақсы нәтиже болар еді», – деді маман.
Айта кетейік, футболшы Англияға тамыз айында, 18 жасқа толған соң ауысуы керек болған. Алайда «Челси» басшылығы оны алдын ала шақырып, Аустралиядағы маусым алдындағы дайындыққа қатыстырды. Маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев «Челсидің» төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты. Ол «Вестерн Сиднейге» қарсы дебюттік ойынында алғашқы голын соқты. Ал 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челси» құрамына еніп, «Бёрнли» клубына жалға берілді.
Мазмұнға өту
